Саммитке байланысты Астананың медициналық мекемелері облыстардан жоспарлы түрде емделуге келген науқастарды уақытша қабылдамайды

АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ЕҚЫҰ Саммитіне байланысты Астананың медициналық мекемелері облыстардан жоспарлы түрде емделуге келген науқастарды уақытша қабылдамайды.

Саммитке байланысты Астананың медициналық мекемелері облыстардан жоспарлы түрде емделуге келген науқастарды уақытша қабылдамайды

Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Дәулетхан Есімовтың айтуынша, бұл шектеулер 20 қарашадан бастап енгізіледі.

«Шұғыл түрдегі жатқызуларда өзгерістер болмайды. Ал өңірлерден жоспарлы түрде жатқызуға жіберілгендерді қабылдауға шектеу қоямыз. Облыстардағы денсаулық сақтау мекемелеріне бұл күндерге жоспарлы жатқызуға жолдамаларды бермеу жайлы ескертілді. Жоспарлы түрде тек елорда тұрғындары ғана қабылданады. Оның өзінде екінші рет ота жасау қажет болған шұғыл жағдайларда ғана. Бұл ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы», деп атап өтті Есімов.

Басқарма бастығының сөзіне қарағанда, аталмыш шаралар әртүрлі жағдайлар кезінде саммит қонақтарын шұғыл түрде жатқызу үшін жасалып жатыр. Мәселен, қазіргі күні қалалық ауруханаларда барлығы 5500 төсек орны болса, оның 1500-і саммит күндері бос болуы тиіс. Сонымен қатар, қалалық және республикалық ауруханалардан мемлекет басшыларына арналып 51 VIP бөлме жабдықталды. Ал жаңадан салынған №2-қалалық ауруханадан жұқпалы аурулар жағдайына 60 жатын бөлме әзірленді.