Самокатпен жүк тасымалдауға тыйым салынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілісте қабылданған заң аясында электр самокатта жүк пен жолаушы тасымалдауға тыйым салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электр самокатта жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады. Электр самокат жүргізушілер жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өтуі керек», - деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Оның айтуынша, көліктің осы түрін дамытудағы проблемалардың бірі – арнайы бөлінген жолдар мен жолақтар түріндегі қалалық инфрақұрылымның болмауы.

«Жекеменшік электр самокаттардың көбеюін, Қазақстан нарығында кикшеринг сервисінің пайда болуын ескерсек, осындай көлікке бейімделмеген, бұрыннан бар инфрақұрылымға түсетін жүктеме жақын арада артады. Сондықтан жедел түрде негізгі ережелерді енгізу қажет», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Құжат аясында электр самокаттармен жолда жүру тәртібі реттеледі.

«Электр самокаттың жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне жол беріледі. Алайда, бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі керек. Сондай-ақ оның үстінде жарық шағылыстыратын киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет», - деді Екатерина Смышляева.


Соңғы жаңалықтар