«SAMRUK BALA CUP» Республикалық турнирінің жеңімпаздары марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада төрінде 4 ақпан күні «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен бастау алған ауыл балалары мен жасөспірімдері арасындағы шайбалы хоккейден «SAMRUK BALA CUP» атты ауқымды республикалық турнирінің жеңімпаздары анықталды.

Астана қалалық Cпорт басқармасы мәлім еткендей, республикалық хоккей турниріне Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарынан 300-ден астам ауыл балалары қатысты.
Турнирдің марапаттау рәсіміне «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Азамат Агзамов қатысып, жүлделі 1, 2 және 3 орын жеңімпаздарын марапаттады.
«Елімізде алғаш рет ауыл балалары мен жасөспірімдері арасында «SAMRUK BALA CUP» атты ауқымды республикалық хоккей турнирі ұйымдастырылып отыр. Бұл Қазақстанда жасөспірімдер мен жастар спортын дамытуға бағытталған тамаша қадам. Жас спортшылардың әлеуеті мен олардың жеңіске деген құлшынысы бізде чемпиондардың керемет буыны өсіп келе жатқанын көрсетеді. Бұқаралық спортты дамытудағы жобаларды жалғастыратын боламыз», – деп атап өтті Ғибрат Ауғанов.