«Самұрық-Қазына» былтыр Үкіметке 1,5 трлн теңгеге жуық ақша аударған
АСТАНА. KAZINFORM – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов былтыр қор Үкіметке 513 млрд теңгенің дивидентін аударғанын айтты.

«Қор Үкіметтің пайдасына аударылатын төлемдерді ұлғайта береді. Жыл сайын төленетін дивидендтердің мөлшері қордың Үкіметтің тапсырмасы бойынша іске асырылатын жобалардың қаржысын қосқанда портфельдік компаниялардан алатын дивидендтердің 50%-ына тең. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл норма асыра орындалды. Үкіметке дивидендтердің 78%-ы жіберілді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер көлемі шамамен 513 млрд теңге болды. Жалпы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы 2023 жылы акционердің (Үкімет) пайдасына 1,5 трлн теңгеге жуық рекордтық сома төледі», - деді Айдар Рысқұлов баспасөз мәслихатында.
Жалпы былтыр қорға мүше компаниялардың кірісі 4% өсіп, 15,4 трлн теңгеге жеткен.
«Активтер өткен жылмен салыстырғанда 10% өсті. Бұған топтың бірқатар негізгі өндірістік көрсеткіштерінің өсуі әсер етті. Уран өндіру көлемі 18,1 мың тоннаға жетіп, «ҚазАтомӨнеркәсіп» акционерлік қоғамының кірісі айтарлықтай өсті.
«ҚТЖ» акционерлік қоғамының теміржол арқылы жүк айналымы 262,4 млрд тонна/шақырым болды. Бұл былтырмен салыстырғанда 7% артық. QazaqGaz-дың табиғи газды өндіру көлемі 24,1 млрд текше метрге жетіп, былтырғыдан 1,4 млрд текше метрге артты.
«ҚазМұнайГаз» АҚ-ның мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 23,5 млн тонна деңгейіне жетті. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштерден 6,8% жоғары. Алайда компания қызметінің нәтижелеріне мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуі біршама әсерін тигізді», - деді қордың басқарушы директоры.