«Самұрық-Қазына» қоры биыл мемлекетке қанша дивиденд төледі
АСТАНА. KAZINFORM – «Самұрық-Қазына» қоры биыл 1,8 трлн теңге таза табыс тапты және мемлекеттік бюджетке 1,3 трлн теңге аударды. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов айтты.

— Біздің активтеріміздің құны 38 трлн теңгені құрайды. Алдағы мақсатымыз оны 50 трлн теңгеге жеткізу. Биылғы кірісіміз — 17 трлн теңге. Былтырғымен салыстырғанда бұл 10 пайызға жоғары, - дейі ол.
Төрағаның айтуынша, биыл эконмикалық тұрғыда күрделі жыл болған:
— Мұнай бағасы арзандады. Күрделі геосаяси жағдай болды. Дегенмен, болжамымызға сәйкес таза табысымыз 1,8 трлн теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда жоғары, - басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Одан бөлек, Нұрлан Жақыпов қор мемлекеттік бюджетке қомақты қаржы жібергенін айтты.
— «Самұрық-Қазына» АҚ бұл жылы мемлекеттік бюджетке 1,3 трлн теңге аударды. Оның ішінде 579 млрд теңгені дивидент ретінде төледік. 228 млрд теңге әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға берілді. Бұл ақша медицина орталықтарын, тұрғын үйлер және басқа да маңызды нысандарды салуға жұмсалды. 105 млрд теңге елдімекендерді газдандыруға кетті. 272 млрд теңге жалға берілетін тұрғын үйлерді салуға жұмсалды. Сонымен қатар «Самұрық-Қазынаның» компаниялары 2 трлн теңгеден астам соманы мемлекеттік бюджетке салық ретінде төлейтін болады. Бұл — республикалық бюджетке салықтардан түскен кірістердің 16 пайызы, - дейді қор басшысы.
Айта кетейік, былтыр «Самұрық-Қазына» АҚ мемлекетке 460 млрд теңге дивиденд төлеген болатын. Яғни биылғыдан 119 млрд теңге аз.
Алайда, 2023 жылғы таза табыс биылғыдан сәл жоғары болған.