Самұрық-Қазына: лауазымды қызметке үміткерлердің дені жемқорлық сынағынан сүрінді
Ұлттық қордың лауазымды қызметіне өтініш берген үміткерлердің дені сыбайлас жемқорлыққа қарсы өткізілетін арнайы сынақтан өтпей қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қор кадр саясатына қатысты ауқымды жұмыс жүргізді. Жұмыс іздеуге арналған «QSamruk» онлайн-платформасы жетілдірілді. Ол бастапқыда тек қор компанияларындағы вакансиялар үшін ашылған. Кейін басқа ұйымдар да платформаға қызығушылық танытты. Қазір платформада 530 компания мен 165 мыңнан астам адам тіркелген. Былтыр барлығы 17 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланса, биыл оның саны 8 айдың ішінде 13 мыңнан асып кетті. Бос жұмыс орындарына 127 мыңнан астам адам өз кандидатурасын ұсынды», - деді «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек мәселелері және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов компанияда өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, кейбір лауазымдарға үміткерлер полиграф жүйесі арқылы тексеруден өтеді.
«Бұл қазіргі уақытта өте қажетті шараның бірі. Соның арқасында, үміткерлердің жемқорлыққа қаншалықты бейім екенін анықтауға болады. Мәселен, жыл басынан бері «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында 99 үміткер полиграф арқылы тексеруден өтті. Оның 64-і сынақтан өтпеді», - дейді ол.
Бұған дейін «Самұрық-Қазына» жұмысшылары 14 мың анонимді арыз-шағым қалдырғаны туралы хабарлаған едік.