«Самұрық-Қазынаның» қандай активтері IРО/SPO-ға шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM –Ұлттық экономика министрлігі «Самұрық-Қазынаның» қандай активтері IРО/SPO-ға шығарылатынын мәлім етті. 

Самұрық қазына
Фото: 2gis.kz

— Теңгерімдік құны 2 трлн теңгеден асатын 500-ге жуық мемлекеттік компанияны қамтитын жаңа Оңтайландыру жоспары бекітілді (ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 24 қазандағы № 894 қаулысы). Компаниялар отын-энергетика кешені, өнеркәсіп және индустрия, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және байланыс, қаржы нарықтары және т. б. салаларда ұсынылған. Оңтайландыру үш кезеңде жүзеге асырылады: 1-кезең (2026 жылы), 2-кезең (2027-2028 жылдары), 3-кезең (2029-2039 жылдары). «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірқатар активі бойынша IРО/SPO өткізу көзделеді. Олардың құрамында Kcell, «Қазақтелеком» және «Qazaq Green Power PLC» жария компаниясы бар, — деді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Ведомство мәліметінше, қор активтерінің IPO/SPO-сын іске асыру инвестициялар тартуға, капитал нарықтарына қолжетімділікті кеңейтуге, қор нарығын дамытуға және компаниялар қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар министрлік жекешелендіруге шығарылған компаниялардан түсімдер әрбір нысанға қатысты комиссия айқындайтын бастапқы бағаға байланысты болатынын атап өтеді.

— Сату бағасы сауда-саттық қорытындысы бойынша анықталады. Мемлекет кәсіпорындарға бөлетін қаражат туралы мәліметтер Мемлекеттік тізілім веб-порталындағы даму жоспарында орналастырылады, — деді Ұлттық экономика министрлігі.

Бұған дейін Премьер-министр жекешелендіруге жататын активтердің жартысын 2026 жылы сатып біту керектігін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар