«Самұрық-Энерго» облигациялары биржа нарығына орналастырылады
АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан қор биржасында (KASE) 12 маусымда «Самұрық-Энерго» АҚ облигацияларын орналастыру бойынша арнайы сауда-саттық болады.
Бұл туралы «Халықтық IPO» бағдарламасының ресми сайты хабарлады.
«Бағалы қағаздардың номиналдық құны - 1 000 теңге, эмиссияның жалпы көлемі - 3 млрд. теңге. Айналым мерзімі: 2012 жылдың 12 қарашасы мен 2015 жылдың 12 қарашасы аралығы, жарты жылдық купон - жылына 6%. Сауда-саттық барысында сатушылар үшін барынша тиімді өтініштер қанағаттандырылады», - делінген хабарламада.
Сауда-саттыққа қатысуға өтінішті тек KASE мүшелері ғана бере алады, ал басқа инвесторларға биржа мүшелері арқылы беруіне болады.
Еске сала кетейік, «Самұрық-Энерго» акцияларын «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында орналастыру жоспарланып отырған мемлекеттік компаниялар тізіміне кіреді.