«Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесі қордың 2013-2022 жылдарға арналған кадрлық саясатын бекітті
АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда «Самұрық-Қазына» АҚ 2013-2022 жылдарға арналған Кадрлық саясаты бекітілді.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің сайтында хабарланды.
Саясат Қордың адам ресурстарын басқару қызметіндегі басты құндылықтар мен қағидаттарды, Қордың осы бағыттағы негізгі жұмыс бағыттарын айқындайды.
Директорлар Кеңесінің отырысы»Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Инвестициялық саясатын бекіту туралы да шешім қабылданды.
Мәжілісте екінші эшелондағы компаниялардың, соның ішінде «KEGOC» АҚ, «Самұрық-Энерго» және «ҚазТрансГаз» АҚ-ның «Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асыру жайы да талқыланды.
Сонымен қоса, «Самұрық-Қазына» АҚ Ішкі аудит қызметінің 2012 жылғы қорытындысы бойынша есебі тыңдалды.
Мәжілісте Қор қызметінің өзге де мәселелері қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.