«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының Корпоративтік омбудсмендер кеңесі құрылды
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Өткен аптада Астанада «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ компаниялар тобы корпоративтік омбудсмендерінің жиыны өтті,
деп хабарлайды «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның баспасөз қызметі.
Жиын барысында омбудсмендер қызметінің негізгі қағидалары, Қордың компаниялар тобындағы омбудсмендер институтын дамыту, Халықаралық омбудсмендер ассоциациясы аясында кәсіби дайындық пен сертификация алу мәселелері талқыланды.
«Корпоративтік омбудсмен - келіспеушіліктерді шешу үшін тағайындалған бейтарап тұлға. Бұл жерде омбудсмен адвокаттың рөлін атқармайды, ол тек әділдік жағында болады», - түсіндірді Қордың Корпоративтік хатшылар қызметінің жетекшісі Жәрдем Құрманғазиев. Тиісінше, омбудсмен институты ұйымдардағы келіспеушілікті шешуге арналған мүмкіндіктерді барынша кеңейтеді.
Сонымен қоса, жиында Қордың компаниялар тобының Корпоративтік омбудсмендер кеңесін құру туралы шешім қабылданып, Жәрдем Құрманғазиев кеңес төрағасы болып тағайындалды.
«Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ омбудсмені Манат Тасеменова төрағаның орынбасары, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ омбудсмені Арнұр Ғабдуллин Корпоративтік омбудсмендер кеңесінің хатшысы болып тағайындалды.