«Самұрық-Қазына» АҚ қорының Басқарма төрағасы Ө. Шөкеев Астанадағы 2 зауытта болды
АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» АҚ қорының Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Астана қаласындағы тепловоз шығаратын «Локомотив құрастыру» және «Тұлпар-Тальго» жолаушы вагондарын шығаратын зауыттарды аралады,
деп хабарлады «КТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Қор басшысы локомотив құрастыру зауытында Evolution тепловозының әр түрлі бөлшектерін шығарудан бастап, оларды бояу, дайын өнімді сынақтан өткізуге дейінгі үдерісімен танысты.
Қор басшысының локомотив құрастырудағы қазақстандық үлесі туралы сұрағына жауап бере отырып, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Е. Сұлтанов бүгінде қазақ өндірушілері тепловоздың көптеген құрама бөлшектерін жасап шығаруды игергендігін атап өтті. 2012 жылы арба жақтауларын өндіру игеріледі. Сол себепті ірі металл құймаларға деген қажеттілік туындайды. Вице-президенттің айтуынша, өндірістегі қазақстандық үлестің көлемі 2015 жылы 50%-ды құрайды.
«Тұлпар-Тальго» зауытында Өмірзақ Шөкеев әр түрлі жолаушы вагондарын (плацкарттық, купелік) құрастыратын цехтарды аралап, вагондардың техникалық сипаттамаларымен танысты.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Бауыржан Орынбасаровтың пікірінше, жаңа вагондардың конструкциялық жылдамдығы сағатына 200 шақырымды құрайды. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы - жылына 150 вагон.
Екі кәсіпорын да Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасына еніп, отандық теміржол көлігі құрылысының дамуына серпін бермек.