«Самұрық-Қазына» АҚ сыртқы қарыз көлемін 7 млрд. долларға қысқартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ сыртқы қарыз көлемін 7 млрд. долларға қысқартты. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында аталған Қордың Қаржы және операциялар жөніндегі басқарушы директоры - Басқарма мүшесі Елена Бахмутова мәлім етті.

«Самұрық-Қазына» АҚ сыртқы қарыз көлемін 7 млрд. долларға қысқартты

«2015 жылы топтың сыртқы қарызы 7 млрд. долларға немесе 30 пайызға қысқарып, 2015 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 17,3 млрд. долларды құрады»,- деді Е. Бахмутова.

Номиналды сыртқы қарыз құрылымында 59 пайызы «ҚазМұнайГаз» компаниясына, ал 18 пайызы «Қазақстан темір жолына» тиесілі және 9 пайызы Қордың өзге ұйымдарының үлесінде.

«Самұрық-Қазына» тобы өзінің қаржылық міндеттемелерін орындай алмауы мүмкін деген қандай да бір қатер жоқ»,-деп түйді сөзін Е.Бахмутова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2015 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жиынтық таза табысы 304,8 млрд. теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 30 пайызға өсті. Табыстың өсіміне негізінен бағам айырмашылығы оң әсер етті. Ал әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуі бірлескен компаниялардағы табыс үлесінің азаюына әкеліп соқтырса, Қытай мен Ресей экономикасы өсімінің тежелуі жекелеген сала қызметтеріне зиянын тигізіп, жиынтық таза табысқа теріс ықпал еткен көрінеді.