«Самұрық-Қазына» арқылы салынатын тұрғын үйлерге өтінімдерді интернет арқылы беруге болады
Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ өткізген баспасөз мәслихатында Басқарма төрағасы Болат Палымбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, осы ретте Алматы қаласындағы «Асыл арман» және Ақтөбе қаласындағы «Юнис сити» тұрғын үй кешендерін салуға инвестициялау шарттары жасылып қойған.
«Халыққа пәтер өткізу жолдарын қарастыру кезінде Жылжымайтын мүлік қоры осы мәселедегі халықаралық тәжірибелерді көп зерттеді. Бүгінде өтінімдерді өңдеудің ең тиімді жолдарының бірі интернет технологияларды пайдалану болып отыр», - деді Б. Палымбетов.
Баспасөз мәслихатында интернет арқылы өтінім беретін бағдарлама таныстырылды. Басқарма төрағасының айтуынша, интернет арқылы жалға берілетін пәтерге кезекке тұру қандай да бір тұрғын үй пайдалануға берілуге 3 ай қалған кезде мүмкін болады. Ол үшін қордың Fnsk.kz мекенжайындағы ресми сайтына кіріп, арнайы бөлімде өтінімді толтыру қажет. Сату және сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтерге ие болғысы келетін кез келген азамат еліміздің қалаларында салынатын тұрғын үйлерден өзі қалаған пәтерді таңдай алады. Ол үшін аталмыш қалада оның атында жылжымайтын мүлік болмауы шарт және пәтердің жалдау ақысын ай сайын төлей алатындай жағдайда болуы қажет. Тағы бір айта кететіні, үміткер пәтер алғысы келетін қалада кем дегенде бір жыл тұрып, жұмыс істеген болуы тиіс.
«Кезекке тұрған адамдардың тізімі барлық сайтқа кірушілерге көрініп тұратындықтан, мұнда ешқандай бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берілмейді. Және бір қаладан бір пәтер алған адам бұл бағдарламаға екінші рет қатыса алмайды», - дейді Б. Палымбетов.