«Самұрық-Қазына» «Астана» ралли-тобына қолдау көрсетуді жалғастырады - Ө.Шөкеев
АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев ралли-рейд бойынша «Астана» тобының қатысушыларымен кездесті.
Бас демеушісі «Самұрық-Қазына» АҚ болып табылатын топ әлемдегі ең күрделі «Дакар-2012» ралли-автобәйгесінде жүк машиналарының жалпы есебінде 3-ші орынды иеленді.
Ө.Шөкеев топ мүшелерін жеңісімен құттықтай келе: «аты аңызға айналған «Дакар» жарысында жүлде алу - бұл аса жоғарғы нәтиже, сенсация,таңқалдырарлық оқиға. Қазақстандықтар топқа жанкүйер болып, Сіздерге шын жүрегімен жеңіс тіледі! Мұнда, «Самұрық-Қазына» қорында көптеген адамдар сіздердің жарыстарыңызды қадағалады! Сіздер мұны сезінген боларсыздар деп ойлаймын», - деді.
«Спорттық жеңістер нағыз отансүйгіштікті, өз елің үшін, отандастарыңыз үшін мақтанышты оятады. Сіздер бұл сайыста қазақстандықтар әлемдік жетекшілермен тең дәрежеде күресіп қана қоймай, сонымен қатар осы күресте жеңе де алатынын айқын көрсеттіңіздер. Бұл үлгі бүгінгі таңда өте маңызды»,- деп атап өтті Ө. Шөкеев.
Өз кезегінде, «Астана» тобының жетекшісі Артур Ардавичус қорға демеушілігі үшін алғыс айтты.
«Самұрық-Қазына» қорының қолдауы арқасында біз жарысты лайықты өткіздік, халықаралық спорт майданында біздің елдің намысын қорғау үшін барлық жігерімізді салдық»,- деді ол.
Кездесу барысында Ө.Шөкеев қор бұдан былай да топқа қолдау көрсететінін айтып өтті.