«Самұрық-Қазына» басшысы «Қазпошта» компаниясының кадрлық саясатын сынға алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазпошта» АҚ директорлар кеңесі, акционерлері және қызметкерлерімен өткен кеңесте «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қоры» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев компанияның кадрлық саясатын сынға алды.
«Сіздерде ішкі құрылым тым ауырланып кеткен: төрт орынбасар, бір қаржы директоры, неше түрлі қызметтердің топ-топ басшылары, 20-ға тарта департамент. Бұл не деген сұмдық? Тіпті пошта қызметі адамдарды жұмысқа қабылдайтын ұйымға айналған тәрізді. Бұлай болуға тиіс емес! Біз трансформацияға барамыз десек, онда дұрыс кадрлық саясат керек, онсыз ештеңе де шықпайды», - деді Өмірзақ Шөкеев кеңес барысында.
Бұл ретте Қор басшысы бүгінгі таңда «тереңдету жұмысы басталғанын», оған кім түссе, «кесілетінін» атап өтті. «Осыған байланысты мен басқарма басшысына да директорлар кеңесіне де толық карт-бланш беремін. Олай болмаса біз ештеңе де істей алмаймыз», - деді ол.