«Самұрық-Қазына» басшысы сатып алулардың тендерсіз өткізілуін түсіндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев сатып алулардың тендерсіз жүргізілу себебін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қызметтер мен тауарлардың бір бөлігін біз жергілікті нарықтан сатып аламыз. Мысалы, жергілікті Жылу электр орталығы немесе су арнасынан аламыз және олардан басқа баламалы кәсіпорын жоқ, яғни табиғи монополиялар. Бұл бағыттағы сатып алулар бізде 79 пайызға дейін жиналады. Қалған сатып алулар жүз пайыз тендерлер арқылы жүргізіледі. Осы мәселені осыған дейін бірнеше мәрте жұмыс топтарында түсіндірген едік. Атап айтқанда, біз тағы да құжаттарды көрсетуге дайынбыз. Көтерілген осы мәселелер табиғи әрі объективті себептерге қатысты»,-деді Шөкеев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отрысында депутаттардың сауалына жауап беру барысында.
Қор басшысы «ҚТЖ» немесе «ҚМГ» секілді ұлттық компанияларда сатып алулар өзара тендерсіз өткізілетінін, өйткені осындай қадамдар делдалдарды болдырмау үшін жасалатынын, бұл өз кезегінде қаржыны үнемдеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұдан бөлек Шөкеев капиталдың тиімділігі коэффицентіне (ROE) тоқталды. Бұл көрсеткіш капиталға қайтарымдылықты көрсетеді. 2012 жылы ROE 12,5 пайызды құраса, қазіргі кезде 5,5 пайызға теңесті.
«2012 жылы жаңа менеджментпен жұмыстың бірінші жылы еді, ол кезде БТА-банк сыртқы қарыздарын қайта құрылымдауды өткізді. Бұл өз кезегінде Қордың қаржылық көрсеткіштеріне әсер етті»,-деп тоқталды ол.
Сонымен қатар ол 2012 жылы мұнай бағасы жүз долларды құрағанын, ал қазір елу доллар деңгейінде екенін еске салып өтті. «Уран құны фунтына 40 доллар болса, қазір 20 доллар деңгейінде. Сондықтан да 2012 жыл мен одан кейінгі мерзімді салыстыру қателік болар»,-деді Қор басшысы.