12:24, 05 Маусым 2014 | GMT +5
«Самұрық-Қазына» биыл сомасы 3 млрд. долларды құрайтын 16 ірі инвестициялық жобаны іске қосады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ биыл жалпы сомасы 3 млрд. долларды құрайтын 16 ірі инвестициялық жобаны іске қосады. Бұл туралы бүгін аталған қордың бас директоры - басқарма мүшесі Берік Бисенғалиев мәлім етті.
«2014 жылы жалпы сомасы 3 млрд. долларды құрайтын 16 ірі инвестициялық жобаны іске қосқалы отырмыз. Қазірдің өзінде осы инвестициялық жобаларды іске асыруда уақытша 10 мыңнан астам жұмыс құрылған. Ал жылдың аяғында барлық жоба іске қосылғаннан кейін 9 мың тұрақты жұмыс орны ашылады», - деді Б.Бейсенғалиев. Сонымен қатар оның атап өтуінше, 2015-2016 жылдар қордың жоспарына сәйкес жалпы сомасы 23 млрд. долларды құрайтын 40 үлкен инвестициялық жоба іске қосылатын болады. «Айта кетерлігі, 2011-2013 жылдары «Самұрық-Қазына» қоры 29 үлкен жобаны іске қосты. Жалпы сомасы 4,5 млрд. долларды құрайды. Сол жобалардың арқасында жаңадан 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды», - деді ол.