«Самұрық-Қазына» былтыр 458 млрд теңгенің таза табысын тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат -«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ компанияларының 2014 жылғы таза табысы 458 миллиард теңгені құрады. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды.

 «Самұрық-Қазына» былтыр 458 млрд теңгенің таза табысын тапты

Қор басшысы Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, жалпы 2014 жылғы жұмыстың қорытындысы жаман болған жоқ.

«Дағдарыс басталған жыл болғанына қарамастан, «Самұрық-Қазынаның» таза табысы 458 млрд теңгені құрады. Бұл ретте Қорға қарасты компаниялар тиімділігінің басты өлшемі саналатын операциялық табыстың көрсеткіші 19,52 пайызды құрады. Тұтастай алғанда Қорға қарасты компаниялар былтырғы жылы жалпы құны 2 млрд 900 млн долларды құрайтын 13 жобаны іске асырды», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Оның сөзіне қарағанда, жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 5 мың 600 уақытша және 1 мың 200 тұрақты жұмыс орны құрылған.