«Самұрық-Қазына» БЖЗҚ мен екінші деңгейлі банктерден заем тарту мүмкіндігін қарастырады - Ө. Шөкеев
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен екінші деңгейлі банктерден заем тарту мүмкіндігін қарастырады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ төрағасы Өмірзақ Шөкеев осылай мәлім етті.
Қор төрағасының айтуына қарағанда, қазіргі таңда «Самұрық-Қазынаның» шетелдік валютадағы борыштары шамамен 37 миллиард долларды құрап отыр. «Бұл борыштардың қызметі бойынша бізге біршама валюта қажет болатыны сөзсіз. Бір ғана ағымдағы 2015 жылдың өзінде шамамен 4,7 миллиард доллар талап етіледі. Бұдан бөлек, біз инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін заем алатын боламыз, ал инвестициялық жобалар аясындағы міндеттемелер бойынша бізге 1 миллиард долларды жабу қажет», - деді Ө. Шөкеев.
Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы заем алудағы қажеттілік 2-2,5 миллиард доллардың көлемінде айқындалған. «Біз осы қаражатты қайдан алуды ойластырып жатырмыз. Егер сыртқы нарықтардағы шарттар біз үшін тартымды болса, онда біз сыртқы нарықтарға шығамыз. Дегенмен, қалыптасқан ахуалға байланысты бізге ішкі нарықтан қарастырған абзалырақ. Осыған байланысты «Самұрық-Қазына» Қоры Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және еліміздегі екінші деңгейлі банктерден заемдар тарту мәселесін қарастырудамыз», - деді Ө. Шөкеев.