«Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС Бас директоры тағайындалды

АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры Басқармасының 2009 жылғы сәуірдің 2-ісіндегі шешімі бойынша Вадим Зверьков «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС Бас директоры болып тағайындалды,

«Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС  Бас директоры тағайындалды
деп хабарлайды ҚазАқпарат «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Қазақтан Үкіметі ағымдағы жылдың ақпан айында тегін медициналық көмек көрсетудің кепілдендірілген ауқымы аясында дәрі-дәрмек түрлерін сатып алу және қамтамасыз етуде Бірегей дистрибьютордың міндетін атқару үшін арнайы заңды тұлға құру туралы шешім қабылдаған болатын. Фармацевтикалық нарықта бірегей оператор құруға аймақтардағы дәрі-дәрмек сатып алатын мекемелердің бағаны тұрақты ұстай алмауы да себеп болған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанның кейбір аймақтарында денсаулық сақтау департаменттері отандық және шетелдік дистрибьюторлардан дәрі-дәрмектің бағасын 2-3 есе қымбатқа сатып алады. Яғни, мемлекет дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін компанияларға дәрінің өз бағасынан да артық ақша шығындайды. Қазір фармацевтикалық нарықтың ауқымы 115 млрд. теңге шамасында болса, ондағы мемлекеттік сатып алу құны көрсетілген соманың 40 пайызына ғана тең. Ал отандық дәрі өндірушілердің үлесі сол нарықтың тек 10 пайызын ғана құрайды. Статистикалық осы мәліметтер, мемлекеттің шетелдік дәрі-дәрмекке тәуелді екенін көрсетеді. Бұл тіпті ұлттық қауіпсіздікке қатысты дүние. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы отандық дәрі-дәрмек өндірісшілеріне жағдай жасап, жаңа өндірістер ашуға тапысырма берді. Сондықтан да Үкімет пен «Самұрық-Қазына» Қоры бастамашылық жасап құрған бұл компания осы мәселелермен айналыспақ», делінген баспасөз хабарламасында. «Самұрық-Қазына Фармация» компаниясының жаңа басшысы В. Зверьков Ұлттық әл-ауқат қорына келгенге дейін «Сарыарқа» Әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясын басқарған, Қазақстанның Израильдегі, Кипрдегі Елшісі болған. Сыртқы істер министрінің, Көлік және коммуникация министрінің орынбасары қызметтерін атқарған.