«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы өздерінің стратегияларын Қор стратегиясымен сәйкестендірулері керек - Ө. Шөкеев
Басқарма басшысының айтуынша, Директорлар кеңесі - бұл акционер мүддесін қорғайтын және олардың алдына жүктелген тапсырмаларды орындайтын бірден бір орган болып табылады.
«Соны ескерсек, акционер ретінде біз компания қызметі мен дамыту жөнінде директорлар кеңесінің алдына жүктелген талаптарды көтере аламыз. Мұнда мен тек тәуелсіз директорлар туралы ғана айтып отырған жоқпын, сонымен қатар директорлар кеңесінің құрамына кіретін қор өкілдері туралы да айтып отырмын», дейді Ө. Шөкеев.
Сонымен қатар, Басқарма төрағасы атқарылған шараларға тоқтала келе, ағымдағы жартыжылдықтың басты оқиғасы ретінде Қордың даму стратегиясының ел Президенті және Үкіметі тарапынан бекітілгенін атап өтті. Ал ондай стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруға барлық алғышарттар, оның ішінде «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» жаңа заң да қабылданып, Үкімет пен келісімшарттар да жасалған.
Осыған орай, Ө. Шөкеев қор тобына енетін барлық компанияларға олардың стратегияларын Қордың қабылдаған стратегиясымен сәйкестендіру міндеті жүктелгенін атап өтті. «Самұрық-Қазына» компаниялар директорлар кеңесімен жұмысты жаңа форматта бастауды жоспарлап отыр. Оның ішінде акционерлердің жалпы жиналысы форматында Қорды басқаруға қатысты тыңдаулар жүргізілу көзделеді», - дейді Ө. Шөкеев.