«Самұрық-Қазына» компаниялар тобында қазіргі заманғы технологиялар қолданылмайды - Давид Турганов

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» тобына енетін компаниялар бизнесті басқару жүйелерін және қазіргі заманғы технологияларды пайдаланбай келеді. Бұл туралы бүгін Астанада «Ұйымдарды трансформациялаудағы IT рөлі» атты конференцияда «Самұрық-Қазына» АҚ трансформация бойынша команданың IT бөлімінің жетекшісі Давид Турганов мәлім етті.

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобында қазіргі заманғы технологиялар қолданылмайды - Давид Турганов

Оның айтуынша, трансформациялау науқаны барысында бұл олқылықтар жойылатын болады, себебі IT технологияларынсыз компанияларды трансформациялау мүмкін емес.

«Біз трансформация туралы сөз қозғайтын болсақ, мына бір жайтты еске салу керек. Мысалы, күнделікті өмірде адамдар өмірді жақсартатын, жеңілдететін мобильді телефондарды, планшеттерді қолданады. Біздің кәсіпорындар қазіргі заманғы технологияларды қолданбайды. Автоматтандырудың деңгейі өте төмен. IRP, GRS, BI сынды ақылды бизнес басқару жүйелерінен мақрұм. Компаниялар нарықта ондаған жылдар бойы қолжетімді болып отырған технологияларды пайдаланбайды», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ трансформация бойынша команданың IT бөлімінің жетекшісі Давид Турганов.

Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының ақпараттық технологиялар бойынша бас директоры Ник Малоун Қорды трансформациялау бағдарламасы кезіндегі IT саланың маңыздылығына тоқталды. Оның сөзі бойынша, трансформациялау үдерісі компанияның барлық салаларын қамтитын болады, соның ішінде IT саласын.

«Біз компанияны трансформациялауда оңай жол іздеп отырғанымыз жоқ. Бұл үдеріс кешенді түрде орын алады. Орта мерзімде біз алғашқы нәтижелерге қол жеткізе бастаймыз. Бірақ трансформацияның аса ауқымдылығын ескере отырып, бізге едәуір уақыт қажет екендігін түсінеміз. Трансформация - күнделікті жетілдіру деген сөз. Біз әрдайым өзгерісте боламыз. Себебі бір орында тұратын ештеңе жоқ. Біз бұл үдерісті бастадық», - деді Ник Малоун.

Айта кету керек, форум жұмысына 200-ге тарта маман қатысты. Соның ішінде Gartner компаниясының IT жөніндегі бас директоры, зерттеулер тобының басшысы Мэри Меселье, TerraLink Technologies компаниясының негізін қалаушы Рон Левин, Jumpstone International компаниясының басшысы Мэт Гуивер сынды танымал сарапшылар өз ой-пікірлерін ортаға салды.