«Самұрық-Қазына» қоры 2010 жылы банктерді қолдаудың жүйелі шараларын жүзеге асырады
АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Самұрық-Қазына» қоры 2010 жылы екінші деңгейдегі банктердің сыртқы қарызын құрылымдаудан өзге, оларды қолдаудың жүйелі шараларын жүзеге асырады.
Бұл жайында бүгін Үкімет отырысының барысында аталмыш Қордың баспасөз қызметі таратқан материалда айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаржы секторын дамытудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес, тұрақсыздық факторлары мен дағдарыс кезінде орын алған кемшіліктерді болдырмау үшін жағдайлар жасалынған. Бұл үшін корпоративті басқару, тәуекел-менеджмент және бақылау жүйелері енгізіледі. Банктердің несиелік қоржындарындағы қарыз үлесін азайту жөніндегі шаралар мен несиелердің қайтарымды болуын арттыру жұмыстары жүргізіледі. Банктердің депозиттік базасын арттыруға қатысты жұмыстар жандандырылады, ол үшін жеке, заңды тұлғалардың қаржысын тарту, бұған қоса елде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардың депозит ашуына үлкен мән берілмек», делінген таратылған материалда.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, «Самұрық-Қазына» қоры жүйе құрушы банктердің капиталынан шығу және бұған дейінгі салынған инвестициялардың қайтарымды болуы үшін стратегиялық инвестор іздеуді жалғастыратын болады. Бұл мемлекеттік тікелей әсерді сәл азайтып, жеке бастамалардың әрі қарай сол бағыт бойынша жұмыс істеуіне ықпалын тигізеді. Мұнан өзге, Президенттің тапсырмаларына байланысты банктердің өз шаруасына қатысы жоқ жұмыстармен айналыспауы үшін біріккен қаржылық институттар құру арқылы банктердегі лизинг пен сақтандыру функцияларын банктерден бөліп алу жоспарланып отыр.