"Самұрық-Қазына" Қоры әлеуметтік тұрақтылықтың картасын жасады
АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - "Самұрық-Қазына" Қоры әлеуметтік тұрақтылықтың картасын жасады. Бұл туралы бүгін Астанада "Самұрық-Қазына" компанияларының салалық менеджерлерінің тұңғыш форумы барысында Қордың Әлеуметтік әріптестік орталығының басшысы Нұрлан Ерімбетов мәлім етті.
"Бүгінгі таңда біз әлеуметтік тұрақтылықтың картасын жасадық. Қазір біз кез келген моноқалаға, кәсіпорынға диагноз қоя аламыз. Өзіміз дайындаған көрсеткіштер арқылы біз белгілі бір ұжымдағы көңіл күй "температурасын" жасауға мүмкіндігіміз бар. Адамның жұмыстан кейінгі, өндіріс үстіндегі көңілі, отбасы жағдайы, оның жұмыстан бос уақыты, қауіпсіздік техникасы, жалақысы, базардағы бағалар, тарифтердің құны сынды индикаторларды қамтитын 40 көрсеткіш жасалды. Яғни біз адамның көңіл күйіне әсер ететін индикаторларды алдық. Тіпті жұмыстан кейін жұмысшы сектаға ма немесе балаларымен клубқа барады ма, немен шұғылданады, ақшасын қайда жұмсайды, несие ауыртпалығы бар ма деген мәселелердің өзін ескереміз. Біз бұрыңғыдай жалақы және еңбек жағдай деген жүйеден кеттік, біз енді жұмысшының барлық өмірін қамтимыз. Осылайша әлеуметтік көңіл күйге баға береміз. Себебі мәселемен күреспеу қажет, оны алдын алуға тиіспіз", - деді Н.Ерімбетов.
Оның айтуынша, соңғы Жаңаөзендегі оқиғадан кейін бұның маңыздылығы артып отыр.
Еске сала кетейік, "Самұрық-Қазына" компанияларының салалық менеджерлерінің тұңғыш форумы бүгін Астанада өтіп жатыр. Оның аясында барлық ұлттық компаниялардың басқарма төрағалары, соның ішінде "Қазақтелеком" АҚ, "Эйр Астана" АҚ, "ҚазАтомӨнеркәсіп" ҰҚ, "ҚазМұнайГаз" ҰҚ, "Қазақстан темір жолы" АҚ сынды компаниялардың жетекші менеджерлері қатысып, әлеуметтік жаңғыру мәселелерін талқыдан өткізбек.