11:02, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
«Самұрық-Қазына» қоры БТА Банктің әрбір қарапайым акциясын 8 мың 401 теңгеге сатып алады
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мемлекеттің БТА Банктің капиталына кіруі туралы қабылданған шешімге сәйкес, «Самұрық-Қазына» қоры аталмыш банктің әрбір қарапайым акциясын 8 мың 401 теңгеге сатып алады.

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Банктің жеткілікті капиталы нормативін орындауға қажетті сома 251,3 млрд. теңгені құрайды. Шешім қабылданған күні яғни, Қазақстан қор биржасындағы ақпанның 2-сіндегі сауданың ашылу сәтіне сәйкес Банкті рыноктық капиталдандыру бір қарапайым акцияға 8 мың 401 теңге бағасы бойынша 70,35 млрд. теңгені құрайды. Осылайша, 29915425 акцияны қосымша жариялау қажет. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бұл «Самұрық-Қазына» қорының БТА Банктегі үлесін 78,14 пайызға қалыптастыруға әкеледі.