«Самұрық-Қазына» қоры еліміздің жас ғалымдарын қолдауға жылына миллион доллардан астам қаржы бөлмек

АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры еліміздің жас ғалымдарын қолдауға жылына миллион доллардан астам қаржы бөлмек.

 «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің жас ғалымдарын қолдауға жылына миллион доллардан астам қаржы бөлмек

Бұл туралы бүгін ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасын іске асыру қорытындыларына арналған Үкімет отырысында аталған қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев айтты.

«Қор Назарбаев Университетімен бірлесіп, жас ғалымдарды қолдау үшін технологиялық, инженерлік орталық құруға кірісті. Біз әр жылы 1 миллион доллардан астам қаражатты Қазақстанның жас ғалымдары гранттарына және оларды қолдауға бөліп отырамыз», - деді ол.

Сонымен қатар қор басшысының атап өтуінше, «Самұрық-Қазына» Елбасы тапсырмасына орай Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, дуалды оқытуды қолға алған.

«Былтырғы қыркүйектен бастап 400 студент осы бағдарлама бойынша біздің компанияларымызда оқып, жұмыс істеп, компанияларымыздың қызметкерлері болуға дайындалып жатыр. Биылғы қыркүйектен бастап бүл түлектердің санын мыңға жеткіземіз деген мақсат қойып отырмыз», - дейді Ө.Шөкеев.