«Самұрық-Қазына» қоры «Халықтық ІРО» бағдарламасына шығатын компаниялар санын қысқартуы мүмкін
АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ «Халықтық ІРО» бағдарламасына биыл шығатын компаниялар санын қысқартуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте аталған қор басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев мәлім етті.
Алдын ала тізім бойынша, 2013 жылы құнды қағаздар нарығынаа «KEGOC» АҚ, «Қазтеңізтрансфлот» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ компанияларының акциялары шығарылмақ.
«Акцияларды орналастыруға өтімділік пен жеке тұлғалардың қауқарлығын ескере отырып бағыт алу үшін біз қазір Үкіметке ұсыныстар енгізудеміз. Премьер-Министр 1 тоқсанда «Халықтық ІРО» бағдарламасына «KEGOC» АҚ шығатынын айтты. Аталған компаниялардың ішінде қайсысы екінші жартыжылдықта құнды қағаздар нарығына шығатыны әлі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар IPO-ға шығатын компанияларды қысқарту нұсқасы да қаралуда»,-деп түйді ол.