«Самұрық-Қазына» қоры ипотекалық нарықты несиелендіруге бағытталған қаржының 66 пайызын банктерге салды

Олардың 48,8 миллиарды Астанадағы, 46,2 миллиард теңгесі Алматыдағы құрылыс нысандарын аяқтау үшін берілген. Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» қоры аталмыш қаржының 66 пайызын банктерге салған. Бұл туралы бүгін Астанада үлестік құрылысты қолдауға бағытталған дөңгелек үстел отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырысқа қатысушылардың сөздеріне қарағанда, банктерге қаржы салудағы негізгі талаптардың бірі - құрылыс компанияларының нысандарын аяқтау болып табылады. Бұл ұстанымға сәйкес,
банктер құрылысшы сұрап отырған қаржының 15 пайызын өздері қаржыландырулары қажет. Ал қалған 85 пайызды қор банктердің құрылыс компанияларын несиелеу үшін мақсатты түрдегі депозит ретінде салады. Бүгінде осындай бірлескен іс-қимылдардың нәтижесінде Астанада 3 мың 284 үлескері бар 19 тұрғын үй құрылысы аяқталды. Банктер кейбір нысандарды қаржыландыру жұмыстарын өздері аяқтады. Өйткені қордың арқасында құрылысы аяқталған пәтерлерді сатып алуға азаматтардың өздері ниет білдірді, бұл жағдайды құрылысшылар қаржыландыру көзі ретінде пайдаланды.
Алматыда да 14 нысанның 10-ы аяқталды. Онда 1 мың 267 үлескер бар. Қалған нысандар «Қуат» корпорациясына қатысты. Олар бойынша Үкіметтің арнайы шешімдері бар. Бұған қоса, Үкіметтің 2009 жылдың 9-қазанындағы № 1553 қаулысы бойынша Алматыдағы «Сайран», «Үштөбе» тұрғын үй кешендері мен Астана қаласындағы «Гранд Алатау» кешенінің құрылысымен «Глобал Билдинг Контракт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Сондай-ақ «Стресстік Активтер Қоры» да құрылыс нысандарын несиелеуге банктерге қажетті қаржы бөлуде.