«Самұрық-Қазына» қоры қазақтардың шетелдерде өткізілетін Кіші құрылтайларына қолдау көрсететін болады – Мемлекет басшысы
АНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры қазақтардың шетелдерде өткізілетін Кіші құрылтайларына қолдау көрсететін болады.
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайында сөйлеген сөзінде ҚР Президенті - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Біз шетелдердегі Кіші құрылтайлардың өткізілуін құптаймыз. Осыған байланысты, бұл құрылтайларға «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры қолдау көрсететін болады. Қазақстан дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы. Қазақстан - әлемдегі барша қазақтың құтты қара шаңырағы. Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, қазақ халқының бір бөлшегі екенін ұмытпауы керек»,-деді Елбасы.