«Самұрық-Қазына» қоры «ҚазМұнайГаздың» жанар-жағармай құю стансаларының құрылысын тоқтата тұрмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» қоры қаржы үнемдеу бағытында «ҚазМұнайГаз» компаниясының жанар-жағармай құю стансаларының құрылысын уақытша тоқтатады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында аталған қордың бизнесті дамыту жөніндегі бас директоры Берік Бейсенғалиев осылай мәлім етті.
«Қаржыны үнемдеу бағытында елеулі жұмыс атқарылып, біздің барша еншілес бөлімшелердің даму жоспарлары қайта қарастырылды. Соның ішінде инвестициялық бағдарлама бойынша кейбір жобалар уақытша тоқтатылады немесе белгілі бір мерзімге кейінге шегеріледі. Олар жүзеге асырудың белсенді кезеңінде емес. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» бойынша жанар-жағармай құю стансалары желісінің құрылысын кейінге қалдыруды шештік. Себебі, бұл жобаны тоқтата тұруға болады. Бұндай жобалардың құны шамамен 235 млрд. теңгеге (барлық компаниялар тобы бойынша) жетіп отыр», - деді ол. Сонымен қатар Б. Бейсенғалиев Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына, «Нұрлы жол бағдарламасына енгізілген немесе «ЭКСПО-2017» аясындағы жобаларды жүзеге асыру тоқтатылмайтындығын қадап айтты.