«Самұрық-Қазына» қоры мен Астана қаласының әкімдігі үлестік қатысудағы құрылыс нысандарын 2010 жылдың соңына дейін аяқтамақ - әкімдіктегі кеңес

АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Алдымызға қойылып отырған міндет - Астана қаласында үлестік қатысумен салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыстарын 2010 жылдың соңына дейін толығымен аяқтау. Бұл туралы бүгін елорда әкімдігінде құрылыс нысандарын аяқтауға арналған кеңесте қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті,

«Самұрық-Қазына» қоры мен Астана қаласының әкімдігі үлестік қатысудағы құрылыс нысандарын 2010 жылдың соңына дейін аяқтамақ - әкімдіктегі кеңес

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еліміздің бас қаласында жүріп жатқан тұрғын үй құрылысын үстіміздегі жылдың соңына дейін аяқтау мәселесіне арналған кеңеске «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ, «Жаңа құрылыс» ЖШС мен тұралап қалған нысандардың құрылысына жұмылдырылған басқа да компаниялардың бірінші басшылары, сондай-ақ Астана қаласы әкімінің орынбасарлары және мердігерлер қатысты.

«Астана - сәні мен сәулеті үндескен үлкен құрылыс алаңы. Құрылыстағы үлескерлердің мәселесі ең басты назарымыздағы дүние. Себебі, үлестік құрылыста азаматтарымыздың тағдыры, тұрмыстық мүддесі жатыр. Сондықтан, алдымызға қойылып отырған міндет - елордада үлестік қатысумен салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысын 2010 жылдың соңына дейін толығымен аяқтау», - деп атап өтті И.Тасмағамбетов.

Астана әкімінің айтуынша, бұл міндетті «Самұрық-Қазына» қоры мен қала әкімдігінің алдына Үкімет те қойып отыр және оны орындау үшін екі ведомствоға толық мүмкіндіктер берілген.

Айта кетейік, құрылыс саласында жаһандық дағдарыс басталған 2007 жылы Астана қаласында 37 мыңнан астам үлескердің қатысуымен құрылысы аяқталмаған 227 нысан болды. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде олардың саны 2008 жылы - 201-ге, 2009 жылдың басында - 128-ге азайды. 2009 жыл ішінде 12 мыңнан астам үлескер қатысқан 62 тұрғын үйді аяқтауға мүмкін болды. Ал 2010 жылы 13 мыңға жуық үлескері бар қалған 61 нысанды аяқтап, аталмыш саладағы проблеманы толығымен шешу көзделіп отыр.