«Самұрық-Қазына» қоры шығыстарын 337 млрд теңгеге оңтайландырады - Ө. Шөкеев

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» қоры өзіне қарасты компаниялар тобының 2015 жылға арналған ағымдағы шығыстарын былтыр бекіткен бюджетке 337 миллиард теңгеге қысқартып, оңтайландырады.

«Самұрық-Қазына» қоры шығыстарын 337 млрд теңгеге оңтайландырады - Ө. Шөкеев

Оның ішінде әкімшілік шығыстар 64 миллиард теңге, ал күрделі шығыстар 240 миллиард теңгені құрамақ. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ төрағасы Өмірзақ Шөкеев осылай мәлім етті.

Қор басшысы брифинг барысында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы жүктеген тапсырмаларға тоқтала келе, дағдарысқа қарсы шаралар аясында шығыстарды оңтайландырудың өзектілігін атап өтті.

«Шығыстарды оңтайландыру мәселесіне келсек, 2015 жылы компаниялар тобының ағымдағы шығыстарын былтырғы Директорлар кеңесі бекіткен жоспардан 337 миллиард теңгеге қысқартатын боламыз. Оның 17 пайызы немесе 64 миллиард теңгесі әкімшілік шығыстар болса, 18 пайызы немесе 240 миллиард теңгесі күрделі шығыстар», - деді Қор төрағасы.

Сонымен қатар, Ө. Шөкеев қысқарту жұмысы мейлінше күрделі болып табылатын үлкен компаниялар аясында біршама шаралар атқарылғанын да атап өтті. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының менеджменттік шығыстары ағымдағы жылы 134 миллиард теңгеге оңтайландырылады. Ал «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бюджеті 84 миллиард теңгеге қысқартылмақ.

«Мұншалықты қаражатты қысқарта тұрып, жұмыс нәтижесін сақтау аса күрделі шаруа. Дегенмен, ағымдағы шығыстар бойынша өндірістегі қызметкерлердің жалақысы сақталады, бюджетке міндетті салықтар да төленеді, өзге де әлеуметтік қолдаулар секілді баптар қалпында қалады», - деді Ө. Шөкеев.