«Самұрық-Қазына» қоры тендер өткізуді электрондық жүйеге ауыстырады

АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» қоры жыл ортасына қарай тендерлерді электрондық жүйемен өткізе бастайды. Бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Атамекен одағы» ұлттық экономикалық палатасы өкілдерінің қатысуымен қазақстандық қамтуды дамыту мәселелеріне арналған Қоғамдық кеңестің отырысында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Жұмағали Мыңжасаров осылай мәлім етті.
None
None

«Бүгін біз кәсіпкерлерді электрондық сатып алу ережелерімен таныстыратын боламыз. Бұндай сатып алуға «Самұрық-Қазына» қоры көше бастаған болатын. Бұдан бөлек, бүгін біз жаңа өндірістерді ашуға байланысты жаңа қолдаулардың тетігі туралы айтатын боламыз. Бұндай қолдауларды қор өз тарапынан ұйымдастырып, оған өндіріс жұмыстары бойынша кәсіпкерлерді барынша тартпақшы», - дейді Ж. Мыңжасаров.

Оның айтуынша, қолдау бағытында негізінен бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктері, холдингтің жаңа кәсіпорындардың жарғылық капиталына ену мүмкіндіктері, сондай-ақ өндірілетін өнімдерге ұзақмерзімді тапсырыстар түрінде көрініс таппақшы.

«Ал жалпы электрондық сатып алуларға ақпан айынан көшуді бастадық. Бұл біз үшін үлкен жаңалық. Өткен айдан сатып алудағы бағалық ұсыныстар тәсілі электрондық жүйеге енгізіліп отыр. Ал жылдың ортасына таман электрондық жүйемен тендер өткізуді де қолға ала бастаймыз», - дейді басқарушы директор. Оның сөзіне қарағанда, электрондық жүйеге көшу қазақстандық қамтуға әсер етпейді. Дегенмен, мұндағы басты нәтиже транспаренттілік пен сапада болып отыр.

Соңғы жаңалықтар