«Самұрық-Қазына» қорының Басқарма төрағасы Ө.Шөкеев ралли-рейдке қатысушы команда мүшелерімен кездесті
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Бүгін «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев ралли-рейдке қатысушы команда мүшелері Артур Ардавичуспен, Марат Әбіқаевпен және Жанат Жолымбетовпен кездесті. Бұл туралы акционерлік қоғамның баспасөз қызметі хабарлайды.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, басты демеушісі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры болып табылатын бұл команда ғаламшардың ең күрделі ралли-дакары - «Дакар 2012»-ні үлкен жеңіспен аяқтап, жалпы есепте 3-інші орынды алды. Өмірзақ Шөкеев команда мүшелерін осы жеңістерімен құттықтап, «Дакар» жарысында жеңіске жету үлкен жетістік, нағыз сенсация екенін атап өтті.
«Қазақстандықтар шын жүректен сіздердің тілектеріңізді тілеп, жеңіске жетулеріңізге ниеттес болды. Тіпті осы «Самұрық-Қазына» қорының қызметкерлері де сіздердің өнерлеріңізді ерекше ықыласпен тамашалап отырды. Сіздер оны сезінген шығарсыздар деген ойдамын»,-деді Басқарма төрағасы.
Ө.Шөкеев сонымен қатар, спорттық жарыстардың нағыз патриоттық, өз елің үшін, өзіңнің отандастарың үшін мақтаныш сезімін тудыратынын атап өтті. «Сіздер қазақстандықтардың әлемдік көшбасшылармен тек бәсекеге түсіп қана қоймай, оларды жеңе де алатындықтарын көрсеттіңіздер. Бұл қазіргі таңда өте маңызды жетістік»,-деді Ө.Шөкеев.