"Самұрық-Қазына» қорының басшысы Мәскеуде өткен «Ресей және әлем: жаңа мыңжылдықтағы жаңа талаптар» атты халықаралық конференцияға қатысып қайтты
АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов қаңтардың 21-і мен 23-і аралығында Мәскеуде өткен «Ресей және әлем: жаңа мыңжылдықтағы жаңа талаптар» атты халықаралық конференцияға қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шараны Өтпелі кезең институты мен Ресей Үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясы бірігіп ұйымдастырды. Онда жиынға қатысушылар «Жаңа онжылдықтағы бюджет», «Онжылдықтағы әлеуметтік талаптар», «Қаржы-несие саясатындағы жаңа талаптар», «Инновациялар кеңістігі», «Сыртқы экономиканы қолдаудың аймақтық бағдарламалары» сияқты пленарлық отырыстарда ғаламдық экономиканың алғашқы он жылдықтағы дамуының әртүрлі шарттарын қарастырды. Ал «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы онда «Инновациялар кезеңі» деген тақырыпта баяндама жасап, қордың дағдарыстан кейінгі Қазақстан экономикасының модернизациялаудағы рөлі жөнінде айтып берді.
«Инновациялар кезеңі келді. Егер қазір саяси ерік-жігер танытпасақ, кейіннен инновациялық дамуда серпін беретін, әлемдік экономикалық лидерлердің қатарында бірге тұру қиындай түседі. Сондықтан бұл мәселеге қазірден-ақ күш салу қажет. Ал Кедендік одақ аясындағы бірлескен қимылдар Ресей мен Қазақстанды инновация саласындағы әлемдік даму үдерісінен қалып қоймауға ықпал етеді», деді Қ.Келімбетов.
Сондай-ақ ол жиында ресейліктерге 2010 жылдың қаңтарынан бастап, елімізде индустриалдық-инновациялық дамудың бес жылға арналған бағдарламасының жүзеге асырыла бастайтынын атап көрсетті.