«Самұрық-Қазына» қорының капиталы соңғы үш жылда 26 пайызға артты
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» қорына кіретін топтың капитал құны 2010 жылғы 36 млрд. доллардан қазіргі күні 48,7 млрд. долларға немесе 26 пайызға артты. Бүгін Ақордада Президент Н. Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма Төрағасы Өмірзақ Шөкеев осылай мәлім етті.
«Қорға қатысты республикалық бюджеттен қаржыландыру көрсеткіші жыл сайын төмендеп келеді. Егер 2010 жылы бұл 106 миллиард теңге болса, қазір 73 миллиард теңгені құрап отыр. сонымен қатар аталған қаражат негізінен Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, тек экономиканың басым салаларына, сондай-ақ әлеуметтік бағдарланған жобаларға бағытталады», - деді Ө. Шөкеев. Оның айтуынша, Қорға тиесілі сыртқы қарыз шамасы да біраз төмендеген. «Бұл бағытта қатаң саясат ұстану арқасында біз директорлар кеңесі ұсынған дәлізден шыққан емеспіз. Жалпы тиімді сыртқы қарыздың қазіргі көрсеткіші 14 миллион долларға жетті. Бұл әлеуетті біз кез келген уақытта қажет болатын жаңа инвестициялық жобаға жұмсай аламыз», - деді Ө. Шөкеев.