12:22, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
«Самұрық-Қазына» қорының және басқа да мемлекеттік компаниялардың бірінші басшыларының жалақысы Премьер-Министрдің жалақысынан жоғары болмауы тиіс ? К. Мәсімов
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазіргі кезеңде «Самұрық-Қазына» қорының, «ҚазАгро» холдингінің, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың мемлекет капиталына кірген банктердің, сондай-ақ Ұлттық компаниялардың бірінші басшысының және топ менеджерлерінің айлық жалақысының жоғары шегі Премьер-Министрдің айлық жалақысынан аспауы тиіс.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов атап айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Самұрық-Қазына» қорына қатысты бірер сөз. Қазіргі кезеңде тіпті дамыған ірі мемлекеттердегі ірі компаниялардың топ менеджерлерінің айлық жалақысына үлкен назар аударылып отыр. Менің ойымша, мұндайда біз шет қалмауымыз керек. Сондықтан мынандай ұсыныс жасаймын: «Самұрық-Қазына» қорының, «ҚазАгро» холдингінің әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың және тағы да басқа мемлекеттік компаниялардың бірінші басшысының, топ менеджерлерінің айлық жалақысының жоғары шегі Премьер-Министрдің жалақысынан аспауы тиіс», - деді Үкімет отырысында К. Мәсімов.Үкімет басшысы мұндай ұсыныс мемлекет капиталына кірген екінші деңгейлі банктердің бірінші басшыларына да қатысты екенін атап көрсетті. «Өйткені, бұл салық төлеушілердің ақшасы», - деді ол. Премьер-Министр Ұлттық компанияларда да осы үдеріс сақталуы қажеттігін айтты. «Қазіргі кезеңде бірінші басшыларға берілетін сыйақыны, бонустарды шектеуді ұсынамын», - деді Премьер-Министр. К. Мәсімов қазіргі дағдарыс жағдайында бұл оңтайлы шешім екенін атап көрсетті.