«Самұрық-Қазына» Қорының жиынтық активтері Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің тең жартысын құрап отыр - Н. Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қордың жалпы жиынтық активтері Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің тең жартысын құрап отыр. Астанада «Самұрық-Қазына» АҚ Трансформация бағдарламасының тұсаукесеріне арналған форум барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«Самұрық-Қазына» Қорының жиынтық активтері Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің тең жартысын құрап отыр - Н. Назарбаев

«Биыл шикізатқа тәуелді болудан кетуге бағытталған біздің индустрияландыру бағдарламамызға бес жыл толады. Бұған түрлі көзқараспен қарауға болады, алайда бірінші бесжылдықта құра алған 700 кәсіпорынның маңызы зор. Екінші бесжылдық инновациялық нысандардан тұрады. Міне, осылардың барлығы еліміздің конфигурациясын, жалпы еңбекке деген көзқарасты өзгертетін болады. Біз мүлдем жаңа жұмыс орындарын құратын боламыз», - деді Н. Назарбаев.

Осы ретте Президент «кешегі кеңестік инерцияның тым күшті болғанын, бұл адамдар санасынан өзгертудегі ең қиын міндет болғанын» атап өтті.

«Ал қазіргі міндет - бұрынғыдан зор, оны қалай атқарсақ, келешегіміз де солай құрылады. Өйткені, «Самұрық-Қазына» мемлекеттің ең ірі активтерін жинап отыр. Теміржол, мұнай-газ ресурстары, тасымал, телекоммуникация, энергетика, атом өнеркәсібі,әлемнің 19 еліне 600-ден астам бағыттағы қатынаулары бар халықаралық авиатасымалы - мұның барлығы «Самұрық-Қазына». Қордың жалпы жиынтық активтері Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің тең жартысын құрап отыр. Соңғы үш жылда Қор бюджетке 2,5 трлн. теңгеден астам қаражат аударды. «Самұрық-Қазына» еліміздегі ең ірі жұмыс беруші - 350 мың жұмыс орны бар», - деді Н. Назарбаев.