«Самұрық-Қазына» өз компанияларындағы әлеуметтік тұрақтылыққа зерттеу жүргізуде
АСТАНА. 21 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры Дархан Қалетаев пен аталған қор жанындағы Әлеуметтік әріптестік орталығының бас директоры Нұрлан Ерімбетовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Шара қорға қарасты компаниялар тобына жүргізілген әлеуметтік тұрақтылық рейтингінің алғашқы нәтижелеріне арналды.
«Ел өңірлерінің шегі бойынша барынша тұрақты ахуалды 66,65 пайыздық рейтингпен Маңғыстау және Атырау облыстарында компаниялар көрсетіп отыр. Айта кетерлігі, олар мұнайшылар емес. Ал ең төменгі нәтиже 42-50 пайыздық рейтингпен Батыс Қазақстан, Орталық және Солтүстік Қазақстан өңірлерінде тіркелді. Толықтай алғанда, компания топтары қызметкерлерінің басым бөлігі өз өмірлеріне қанағаттанатындығын көрсетті», - деді Н. Ерімбетов.
Оның атап өтуінше, компания топтарында жұмыс істейтіндердің басым бөлігі өз құқықтары бұзылған жағдайда сотқа және басқа мемлекеттік органдарға жүгінуге ниетті екендіктерін білдірген. Тек респонденттердің 3 пайызы ғана наразылық акциясына шығатындығын айтқан.
Айта кетейік, қазіргі таңда қызметкерлер жаны 45 мың адамды құрайтын қордың 31 компаниясында ілкі зерттеу жүргізілген.