«Самұрық-Қазына» өзінің еншілес компаниясымен соттасуда

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - 10 маусым күні «Самұрық-Қазына» АҚ өзінің еншілес компаниясы болып табылатын «СК-Фармацияға» қатысты берген арызы бойынша сот процесі басталады.

«Самұрық-Қазына» өзінің еншілес компаниясымен соттасуда

Бұл туралы бүгін Астанада халықаралық конференция барысында «ФармМедИндустрия» қауымдастығының президентi Серiк Сұлтанов мәлім етті.

«Бүгінгі таңда біз үлкен мәселеге ұрынып отырмыз. «Самұрық-Қазына» АҚ 6 ұзақмерзімді келісімді бұзу қажеттілігінен өзінің еншілес компаниясы болып табылатын «СК-Фармацияға» қатысты сотқа арыз берген. Сот процесі 10 маусымда өтеді», - деді С.Сұлтанов.

Оның сөзіне қарағанда, аталмыш келісімдер «Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы», «Абди Ибрахим Глобал Фарм», «Ромат» фармацевтикалық компаниясы, «Павлодар фармацевтикалық зауыты», «Медикал Фарм «Ча-Кур» компанияларымен жасалған. Қазіргі уақытта «Нобел Алматы Фармацевтикалық Фабрикасы», «Абди Ибрахим Глобал Фарм», «Ромат» фармацевтикалық компаниясы арасындағы шарттар бұзылуда.

«Самұрық-Қазына» АҚ өзінің арызын келісімнің дұрыс жасалмағандығымен түсіндіруде. Шарттар бақылаушы кеңестің шешімінсіз жасалған. Мен сот не үшін қажет екендігін түсінбеймін. Өзінің еншілес компаниясымен бірге келісіп отырып, аталған олқылықтарды түзетуге болар еді. Бүгінде шетел инвесторлары қобалжуда, себебі ауқымды қаражаттар тартылған. Мәселен, Түркияның «Абди Ибрахим Глобал Фарм» компаниясы 60 млн. доллар, «Nobel» 25 млн. доллар инвестиция салған. Бұған қарамастан, инвесторлар Қазақстан Президентіне сенеді және бұл келеңсіздіктер шешімін табатынына сенеді», - деп атап көрсетті С.Сұлтанов.