«Самұрық-Қазына» «Qazaq Air» компаниясын жекешелендірудегі басты мақсатты атады

None
Фото: flyqazaq.com
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» АҚ дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан «Qazaq Air» компаниясын жекешелендірудегі басты мақсатты атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Самұрық-Қазына» қор тобының активтерін жекешелендіру процесі ашықтығын барынша қамтамасыз етуге тырысады. Сондықтан да «Qazaq Air» компаниясын жекешелендіру мәселері бойынша сіздерді қызықтыратын сауалдарға жауап беру үшін брифинг өткізіп отырмыз. Компания Қазақстан Үкіметі бекіткен 2021-2025 жылдарға арналан жекешелендіру жоспарына сәйкес жекешелендіріледі. Жекешелендірудегі негізгі мақсат – аталған компанияға инвестиция мен қаржы тарту. «Qazaq Air» жетекші өңірлік әуе тасымалдаушыға айналуы тиіс. Өздеріңізде білетіндей, «Qazaq Air» өңірлік нарықтағы қысқа және ұзақ қашықтықта барынша табысты. 2021 жылы компания өзін өзі ақтаса, өткен жылдан бастап оң операциялық табыс көрсете бастады», - деді Салтанат Сәтжан қорда өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, «Qazaq Air» орындайтын ұшулар географиясын кеңейту үшін компанияның одан ары дамуына серпін бере алатын кәсіби инвестор қажет. Компанияны жекешелендірудегі басты мақсат – оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сонымен қатар бәсекелестік нарығындағы квазимемлекеттік сектордың үлесін төмендету.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл–ауқат қоры» акционерлік қоғамы қорға тиесілі «Qazaq Air» АҚ-ның 49 пайыздан 100 пайызға дейінгі акцияларын екі кезеңді ашық конкурс арқылы жекешелендіретіндігін мәлімдеген еді.


Соңғы жаңалықтар