«Самұрық-Қазына» спорттық жобаларды қаржыландыру көлемін елеулі деңгейде қысқартпақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ спорттық жобаларды қаржыландыру көлемін елеулі деңгейде қысқартпақ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында аталған Қордың басқарушы директоры Дархан Кәлетаев мәлім етті.

«Самұрық-Қазына» спорттық жобаларды қаржыландыру көлемін елеулі деңгейде қысқартпақ

«Спорт жобаларына тоқталатын болсақ, әрине, қаржылық қысқарту болады. Дегенмен де, жобалар жабылады деген әңгіме жоқ. Бірақ, өте көп көлемде қысқартулар енгізіліп жатыр»,-деді Д. Кәлетаев.

Осы орайда «Самұрық-Қазына» қорының акционері ҚР Үкіметі болып табылатынын еске салып өткен ол: «Қазіргі кезде Үкімет басшылығымен спорттық жобаларға қандай көлемде қаржы бөлу тұрғысында тиісті талқылаулар жүрігізіп жатыр. Бірақ қомақты көлемде қысқарту болатыны анық»,-деді.

Естеріңізге сала кетейік, Қор бірқатар спорттық жобаларды қаржыландыруға өз үлесін қосуда. Оның аясында «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы қамтылған. Клуб - еліміздің танымал спорттық жобаларын, соның ішінде «Астана» велокомандасын, «Астана» футбол клубын, «Astana Arlans» кәсіби бокс клубын, «Барыс» хоккей клубын және басқаларын топтастырған жоба.