«Самұрық-Қазына» табиғи ресурстармен байланысты компанияларын сатылымға шығармайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» табиғи ресурстармен байланысты компанияларын сатылымға шығармайды. Бұл туралы КТК телеарнасының «Халық қызметшісі» бағдарламасына сұхбат берген «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
Оның атап өтуінше, жекешелендірудің екінші толқыны аясында 2014-2015 жылдары қорға қарасты 106 компания сатылады. Оның ішінде 64 компания биыл шығарылады.
Компаниялардың бір бөлігі қазірдің өзінде Қаржы министрлігінің электронды алаңына қойылған.
«Біз әзірше, табиғи ресурстармен байланысты компанияларды сатылымға шығармаймыз. Біз «сары беттер» деп аталатын ережені басшылыққа аламыз. Бұл Сингапурда пайда болған, телефон анықтамасы. Егер телефон анықтамасында осы бизнеспен айналысатын жеке компания болатын болса, онда олар бұл бизнеспен айналыспады. Біз осы ережені қазір басшылыққа алудамыз», деді ол.
Ө.Шөкеевтің сөзіне қарағанда, қор сервистік компанияларын ғана жекешелендірудің екінші толқыны аясында бәсекелестік ортаға береді.