«Самұрық-Қазына» тұрғын үй қорының өкілдері «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасын жүзеге асырудың жоспарларымен бөлісті

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін «Самұрық-Қазына» тұрғын үй қорының өкілдері «Қазақстан» ұлттық арнасының қызметкерлерімен кездесті. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«Самұрық-Қазына» тұрғын үй қорының өкілдері «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасын жүзеге асырудың жоспарларымен бөлісті

Активтерді басқару департаментінің директоры Тимур Қалдыбаев пәтерді сатып алудағы ережелер мен талаптарды әзірлеу бағытында тындырылған жұмыстарға тоқталды. Кездесу барысында пәтерді бөлуге қатысу үшін өтінішті ғаламтор арқылы тапсыруға мүмкіндік беретін бағдарламаның нұсқасы назарға ұсынылды.

«Қазмедиа орталығы» жаңа кешенінің ашылуына орай 2012 жылдан бері «Қазақстан» корпорациясының 200-ге жуық қызметкері оңтүстік астанадан Елордаға ат арылтты. Біздің кешеннің бас кеңсесінде 930 адам тер төгетінін және олардың арасында да баспанаға зәру мамандар бар екенін ескерсек, тұрғын үй мәселесінің көкейкестілігі арта түсті», - дейді «Қазақстан» РТРК АҚ іс басқарушысы Жанат Райымбеков.

«Самұрық-Қазына» тұрғын үй қорының бағдарламасы табысы орташа қызметкерлерге арналған. Баспананың құны нарықтағы бағадан төмен болмақ. Сәйкесінше бұл тұрмыстық жағдайын жақсартуға ынталы азаматтардың қызығушылығын тудыратыны хақ. Пәтерді сатып алу тәртібі талқылау мен келісудің кезеңіне түскен Тұрғын үйді сату ережелеріне сәйкес анықталмақ. Жылжымайтын мүлік қоры жүзеге асыратын «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасының ерекшелігі - пәтер сатып алуға өтініш ғаламтор арқылы қабылданады», - деп сөзін түйіндеді Тимур Қалдыбаев.

Басқосуға қатысушылар тарапынан өтінішті тапсырудан пәтерлерді үлестіру кезеңіне дейінгі жұмыстар қызықтырды. Баспананы жалға ала отырып оны сатып алу тетігі де тасада қалмады. Оған сәйкес белгіленген мерзім аяқталысымен, тұрғын үй жалға алушының иелігіне өтеді.

Бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы жылы Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында жалпы тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 180 мың теңгеден аспайды. Ал еліміздің басқа аймақтарында көрсеткіш 144 мың теңгеден қымбат болмайды. Кейінгі жылдары пәтерлерді саудалау құны құрылыс бағасының өзгеруі, инфляция және басқа факторлар есебінен нақтыланбақ.