Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-та «Болашақ» бағдарламасының 324 түлегі жұмысқа тартылған - Ө. Шөкеев
АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында «Болашақ» бағдарламасының 324 түлегі жұмысқа тартылған.
Бұл туралы бүгін ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасын іске асыру қорытындыларына арналған Үкімет отырысында аталған қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев айтты.
«Біздің қорда жастармен қызмет істеу тек қана «Болашақ» бағдарламасымен шектелмейді. Бірақ «Болашақтың» түлектері мемлекеттің қаржысымен оқып келгеннен кейін оларға ерекше назар аударылады, әрі үлкен талап қойылады», - деді ол.
Ө.Шөкеевтің атап өтуінше, қазіргі уақытта қордың 22 компаниясында «Болашақ» бағдарламасының 324 түлегі жұмыс істейді. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында - 117, Қазақстан темір жолында 37 маман жұмыспен қамтылған. Қордың орталық аппаратында 20 түлек қызметке тартылған. Жалпы бұл аппараттың 15 пайызын құрайды. Кейбір түлектердің қазіргі уақытта 5 жылға дейін еңбек өтілі бар.
Біз «Болашақ» корпоративті қорымен бірнеше бағыт бойынша тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Бағдарламаның түлектерін жұмысқа тартуда министрлікпен, тіпті қауымдастықпен бірге бос орындар жәрмеңкелерін ұйымдастырамыз. Тек Астана қаласында ғана жыл сайын 150-ге тарта адам ұлттық компанияларда тәжірибе алмасып, машықтанудан өтеді», - деді қор басшысы.