16:53, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры инвестициялаудағы басым бағыттарды анықтады
АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат- Даму институттары құрылғаннан бері 10 миллиард АҚШ доллары көлемінде 220 жоба мақұлданды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, қор құрамына кіретін даму институттары мен компаниялардың инвестициялық басымдықтары алдағы екі жылда металлургия, химия және мұнай химиясы, мұнай-газ секторындағы сабақтас салаға, машина құрылысы, сондай-ақ энергетика, көлік, коммуникация кіретін инфрақұрылымға негізделмек.
Атап айтқанда, қор құрамындағы еншілес компаниялар өткен жылдары осы бағыттар бойынша жобаларды жүзеге асыру жұмыстарына кірісіп кетті. Биылғы жылы аталған жобаларды жүзеге асыру шаралары жалғасатын болады.
Даму институттары құрылғаннан бері 10 миллиард АҚШ доллары көлемінде 220 жоба мақұлданды. Құны 4,9 миллиард долларды құрайтын 140 жобаға қаржы бөлінуде. Дағдарысқа қарсы бағдарламаның аясында «Самұрық-Қазына» қорының қарауына жалпы құны 16 миллиард АҚШ долларының 24 жобасы енгізілді.