«Самұрық-Қазына» ЖМҚ» АҚ «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша тағы екі қалада құрылыс жұмыстарын бастады
АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы шеңберінде Астанада «Шығыс» тұрғын үй кешенін және Тараз қаласында 25 қабатты екі үйдің құрылысын инвестициялау туралы шарт жасалып, құрылыс жұмыстары басталғаны жөнінде хабарлайды.
Бұл туралы Қордың баспасөз қызметінен мәлім етті.
Астанада бой көтеретін «Шығыс» тұрғын үй кешені ( 1А,1Б және 1В - үш блоктан тұратын) Есіл өзенінің сол жағалауында Сығанақ көшесінде орналасады. Пәтерлердің жалпы ауданы 85133,91 ш.м., соның ішінде Қормен жасалған инвестициялау шарты бойынша салынатыны - 768 пәтер.
Тараз қаласында салынатын үйлер Маяковский, 42 мекенжайы бойынша орналасады. Пәтерлердің жалпы ауданы 5558,58 ш.м. Құрылысты аяқтау 2014 жылға жоспарланған.
«Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы шеңберінде Қор пәтерлерді өткізудің екі жолын ұсынады: тікелей сату және сатып алу құқығымен жалға беру. Бұл ретте сатып алу құқығымен жалдау шарттарында жалгерге тұрғын-жайды өз меншігіне мерзімінен бұрын сатып алу құқығы көзделген.
Пәтерлерді сатып алу құқығымен жалдау арқылы өткізу мерзімі - 15 жылға дейін. Жалгер пәтерді сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша өз міндеттемелерін толық орындап біткен соң, сатып алынған пәтерді Қор жалгердің меншігіне тапсырады. Жеке тұлғалар пәтер сатып алу құқығын, соның ішінде жалдай отырып сатып алу құқығын бір-ақ рет пайдалана алады.
Қазіргі уақытта «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы шеңберінде «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-да пәтерлерді өткізу ережесі әзірленуде, оған сәйкес пәтер сатып алу туралы өтінімдерді Интернет арқылы қабылдау көзделген.
«Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы шеңберінде Жылжымайтын мүлік қоры Алматы қаласының төңірегінде «Асыл Арман» тұрғын үй кешенін және Ақтөбе қаласында «Юнис Сити» тұрғын үй кешенін салуда.