«Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» дағдарысты еңсеру бағдарламасы аясындағы тұрғын үй құрылысына қорытынды жасады
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ дағдарысты еңсеру бағдарламасы аясындағы тұрғын үй құрылысының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.
Айта кетейік, 2009 жылдан бастап Жылжымайтын мүлік қоры жылжымайтын мүлік нарығын тұрақтандыру бойынша дағдарысқа қарсы шаралардың операторларының бірі болды.
«Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарушы директоры-қорды басқару мүшесі Марат Кәрібжановтың сөзіне қарағанда, үш жылдың ішінде жылжымайтын мүлік қоры 1 млн.шаршы метрге жуық ауданды құрайтын 21 нысанды қаржыландырды. Бұл өз кезегінде 3 мыңнан астам үлескердің мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Осы тұрғыда жылжымайтын мүлік нарығына 7 мың 200 пәтер тапсырылды.
Оның пайымдауынша, 2012 жылда қордың дағдарысты еңсеру іс-қимылдарының аяқталуына қарамастан, тұрғын үй саласындағы ахуал әлі де жақсартуды қажет етеді. Яғни, ипотека - дағдарысқа дейінгі екінші деңгейлі банктердің несилендіру деңгейіндегі қалпына келген жоқ. Жеке инвестициялар 2007 жылғы 91 пайыздан 2011 жылы 74 пайызға дейін төмендеді.
«Тұрғын үйге 16,5 млн. шаршы метр қажеттілікті ескерсек, елімізде жыл сайын 6 млн. шаршы метр пайдалануға беріледі»,-деп тоқталды ол.
М. Кәрібжановтың айтуынша, төлем қабілеттілігі бар сұранысқа тұрғын үй нарығындағы ұсыныс төмен болса, бұл бағаның өсіміне жол беріп, алып-сатарлықты тудырады. Осы орайда құрылыс көлемін арттыру қажеттілік етіп отыр.
«Тұрғын үйге деген қажеттілік ауқымды екенін әлеуметтік сауалнама дәлелдеп отыр. «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Ұлттық аналитикалық орталыққа тұрғын үй сұранысы бойынша зерттеу жұмыстарын тапсырды. Бұл сараптамалық шара 12 өңірлік орталықта және Астана мен Алматы қалаларында өткізілді. Респонденттердің 66 пайызы пәтер алуға ниетті, сондай-ақ олар тұрғын үйге алдағы бірнеше жылда иеленуді қалап отыр»,-деді М. Кәрібжанов.
Сауалнама мәліметтері бойынша, оған қатысқан азаматтардың 63 пайызы 74 шаршы метрді қамтитын пәтерге қанағаттанбақ, сондай-ақ 68 пайызы 2 және 3 бөлмелі пәтерге қызығушылық танытуда.
Бұдан бұрын хабарланғандай, таяуда өткен Үкімет отырысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокин «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» жаңа бағдарламасының жобасын таныстырды.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа бағдарламаның жобасында тұрғын үй құрылысының 6 бағыты бойынша мемлекеттік қолдау қарастырылып отыр. Атап айтқанда, біріншісінде жергілікті атқару органдарының тұрғын үй салуы, оны «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы сатуы, екіншісінде кезекте тұрғандар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу, сондай-ақ үшіншісінде жеке тұрғын үй құрылысы қарастырылуда.
Бұдан кейінгі бағытында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды тарту, бесіншісінде «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы жас отбасылары үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй салу мүмкіндігі бар. Ал, соңғы бағытта «СамұрықҚазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның жалға берілетін тұрғын үйлерінің құрылыстары қамтылып отыр.