«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры пәтерлерді бөлу тәртібін жариялады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Үкіметтің қаулысына сәйкес «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ пәтерлері бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар арасында бөлінетін болады: ЖАО Бағдарламаның І топтағы қатысушыларына пәтер бөлумен байланысты іс-шараларды жүргізеді.
І топқа «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы заңының 67-бабы 1-тармағы 1-1), 2), 3) тармақшаларында көзделген адамдар жатады, бұлар: 1) жетім балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар; 2) осы заңның 68-бабы 1-1) - 5), 7) - 11) тармақшаларында көрсетілген тұрғын үй беру туралы өтініш жасаудың алдында соңғы 12 ай ішінде жиынтық орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болатын (1-1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен ардагерлеріне теңестірілген адамдар; 5) жасы бойынша зейнеткерлер; 7) оралмандар). . Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициент мүгедек балаларға қолданылмайды; 3) мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар.
Ай сайынғы жалдау төлемдерін төлеу үшін төлемқабілеті жеткіліксіз болса, сатып алу құқығымен жалдау шартын жасасу кезінде қажетті кепілді жарна сомасын немесе сату-сатып алу шартын жасасу үшін талап етілетін қаражат сомасын төлемесе, ЖАО тізімі бекітілген күннен бастап қырық күнтізбелік күн мерзімде талап етілетін құжаттарды ұсынбаса, Жылжымайтын мүлік қоры (үлестес компания) ЖАО пулындағы жеке тұлғаға тұрғын жай бөлуден бас тартуға құқылы. І топтан пәтер алғысы келетіндер болмаған жағдайда, ЖАО арқылы бөлінбеген баспана және коммерциялық (тұрғын емес) үй-жайлар Жылжымайтын мүлік қорының ішкі ережелеріне сәйкес өткізіледі. Баспананы өткізудің екі жолы көзделген - тікелей сату және сатып алу құқығымен жалдау. Пәтерлерді сатып алу құқығымен жалдау үшін бөлу баспанасы жоқ немесе тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетіндерге басымдық беру қағидаты сақтала отырып жүзеге асырылады. Жылжымайтын мүлік қоры (Жылжымайтын мүлік қорының үлестес компаниясы) және жалгер арасында сатып алу құқығымен жалдау шарты жасалады. Бұл ретте сатып алу құқығымен жалдау шартында жалгердің тұрғын жайды меншігіне мерзімінен бұрын сатып алу құқығы көзделуі мүмкін. Пәтерді тікелей сатып алу кезінде бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылында 1 шаршы метр үйдің құны Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында және осы қалалардың маңындағы аймақтарда 180 мың теңгеден, Қазақстан Республикасының басқа өңірлерінде - 144 мың теңгеден аспайды. Бұдан кейінгі жылдары құрылыстың, құнсызданудың және басқа факторлардың өзгерістері ескеріле отырып, тікелей сату құны нақтыланатын болады. Жалдау төлемінің мөлшері құрылысты қаржыландыруға бөлінген қаражаттың қайтарымдылығы қағидатына негізделе отырып, айқындалады. Жалдау мерзімі 15 жыл болған кезде, 1 шаршы метр үшін ай сайынғы жалдау төлемі коммуналдық шығыстарды, салықтар бойынша шығыстар мен сақтандыру шығыстарын есептемегенде, Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында және осы қалалардың маңындағы аймақтарда шамамен 1600 теңге/ш.м. Қорға кредиттік қаражат берудің мерзімдері мен шарттарына байланысты сатып алу құқығымен жалдау мерзімі азаюы мүмкін. Мұндай жағдайда ай сайынғы төлем жоғары болуы ықтимал. Жалгер пәтерді жалдау шарттарын толық орындағаннан кейін пәтер оның меншігіне ауысады. Жеке тұлғалар тұрғын жай сатып алу, соның ішінде сатып алу құқығымен жалдау шартымен алу жөніндегі өз құқығын бір реттен аса пайдалана алмайды. Бағдарлама шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінде және Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша тек 1 бірлік пәтер сатып алуға немесе сатып алу құқығымен жалға алуға болады. Осы талаптың орындалуын бақылау барлық өңірлердің жергілікті атқарушы органдарына және Бағдарлама операторларына жүктеледі. Кепілге қойылған мүлікті мәжбүрлі түрде соттан тыс тәртіппен немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен көзделген тәртіппен сот шешімі бойынша сату жағдайларын қоспағанда, Бағдарлама қатысушыларына Бағдарлама шеңберінде сатып алынған пәтерлерін оны сатып алған күннен бастап екі жыл ішінде сатуына болмайды.