«Самұрық-Қазынаны» жаңғыртпай елдің экономикасын жаңғырту мүмкін емес
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазынаны» жаңғыртпай елдің экономикасын жаңғырту мүмкін емес. Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Трансформация форумы барысында аталған қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев айтты.
«ҚР Президенті - Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі жаңа стратегиялық бағдар белгілеп берді. Біздің барлығымыз да бұл міндетті жүзеге асыруда ең бірінші кезекте жеке, сонымен қатар мемлекеттік компаниялардың тиімділігін арттыру қажет екендігін түсінеміз», - деді Ө.Шөкеев.
Қор басшысының сөзіне қарағанда, «Самұрық-Қазына» мемлекеттің ірі стратегиялық активтердің басын қосып отырған қор болып саналады. Қордың жалпы активтерінің құны 16 трлн. теңгені құрайды. Бұл шамамен 100 млрд. долларға жуық.
«Біз 350 мыңнан астам адамға жұмыс беруші болып табыламыз. Елдегі барлық инвестициялардың төрттен бірі қор тобымен жүзеге асырылуда. Сондықтан да «Самұрық-Қазынаны» жаңғыртпай елдің экономикасын толығымен жаңғырту мүмкін емес», - деді Ө.Шөкеев.